Астанадағы экологиялық айлық

   
  Астанада қыркүйектің 16-нан бастап қазанның 13-не дейін күзгі экологиялық айлық өткізіледі. Шара аясында Нұр-Сұлтан қ. қыркүйектің 21-інде Дүниежүзілік тазалық күніне орайластырылған жалпықалалық сенбілік болады, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты. Экологиялық айлық кезінде қаланы санитарлық тазалау, нөсерлік аулалар мен арық жүйелерін тазарту, көше бойын, жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау, саябақтар мен жасыл желектерді күту бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстарды жүргізу, заңсыз жерлерде орналасқан қоқыс үйінділерін және ластанған учаскелерді жинау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 12 қазан Нұр-Сұлтан қаласында жалпықалалық Ағаш отырғызу күні болып бекітілді. Биылғы жылы 21 қыркүйекте өтетін жалпықалалық сенбілік те осы күнге орайластырылып отыр. Оған кәсіпорындар, ұйымдар мен жоғары оқу орындары, орта кәсіптік оқу мекемелері, мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекемелер, денсаулық сақтау және мемлекеттік мекемелер, ұлттық компаниялар мен басқалары да қатысады. Сенбілікке шығатындарға қарапайым құрал-саймандар (күрек, тырнауыш) қоқысты жинауға арналған қолғап пен қаптар беріледі. Сондай-ақ, бұл күні астана «Дүниежүзілік тазалық күні» халықаралық экологиялық акциясына қосылады, оған әлемнің 150-ден астам елінен 380 млн. ерікті қатысады. Оның ерекшелігі жиналған барлық қалдықтар сұрыпталатын (араласқан қалдықтардан қайталама шикізатты бөлек жинау) болады, одан әрі қалдықтарды өңдеу зауытына тасымалданады. Жалпықалалық сенбіліктің басты мақсаты қоғам назарын экологиялық мәселелерге аударып, айналаны таза ұстауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосуда екендігін ескертеміз. Астанамыздың кез-келген тұрғындары мен қала ұйымдары көшелерді және аулаларды абаттандырып, қаланы тазалау жұмысына қосыла алады.

Дереккөз: http://astana.gov.kz/kz/news/news/20458