Ұсынылатын қызметтер

You are here

Біздің миссиямыз. Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты қызметінің мақсаты:
1) норма шығару қызметінің тиімділігін арттыру және республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде құқықтық ғылымның рөлін күшейту;
2) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін бірыңғай мемлекеттік есепке алуды қамтамасыз етуге қатысу;
3) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының талдамалық және әлеуметтік зерттеулердің, оның ішінде халықаралық ұйымдармен бірлескен зерттеулердің бірыңғай дерекқорын жүргізу;
4) компьютерлік технологияларды пайдалана отырып, мемлекеттік органдарға, өзге де заңды және жеке тұлғаларға құқықтық ақпарат алуға жәрдемдесуге бағытталған ақпараттық жүйелердің қызметін қамтамасыз ету болып табылады.
Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты базасында коммерциялық негізде іске асырылатын қызмет түрлері:
Заң жобаларын әзірлеу. Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты заң жобалары мен заң жобаларының тұжырымдамалары бойынша қорытындылар дайындау бойынша жұмыс жүргізеді.
Заңнама және құқықтық ақпарат институты өз қызметінде 400-ден астам заңнамалық актілер жобаларын әзірлеуге тікелей қатысты, Институт қызметкерлері заң жобаларына 400-ден астам ғылыми құқықтық сараптама, қабылданатын заңдардың тиімділігін болжау жүргізді. Аталған заңнамалық актілердің ішінде – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, Кәсіпкерлік кодекс, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық іс жүргізу кодексі, Қылмыстық-атқару кодексі, «Құқықтық актілер туралы», «Төрелік туралы», «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық, банк заңнамасын жетілдіру және кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» және т. б. заңдар бар.
Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты қызметкерлерінің штатында 9 ғылым докторы, 30-дан астам ғылым кандидаты және Ph.D докторлары, 40-қа жуық заң ғылымдарының магистрі бар.
Осының барлығы Институт қызметкерлерінің жоғары кәсібилігін, сондай-ақ әзірленіп жатқан заң жобаларының және заң жобалары тұжырымдамаларының сапасын куәландырады.
Кеңес беру. Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты мүдделі органдарға құқықтық мәселелер бойынша консультациялар береді, заңнамалық нормалар мен құқық қайшылықтарын түсіндіреді, сондай-ақ қажет болған жағдайда құқықтық нормаларды қолдану мәселелері бойынша мемлекеттік және сот органдарына кеңес береді.
Іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу. Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институтында келесі бағыттар бойынша іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізіледі:
1) конституциялық, әкімшілік заңнама және мемлекеттік басқару;
2) қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасы;
3) азаматтық, азаматтық іс жүргізу заңнамасы және атқарушылық іс жүргізу;
4) халықаралық құқық және салыстырмалы құқықтану;
5) құқықтық мониторинг;
6) құқықтық актілердің лингвистикалық сараптамасы.
Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты мықты ғылыми әлеуетке ие және шетелдік және Қазақстан Республикасының ұлттық ғылыми ұйымдарымен ынтымақтасады. Сонымен қатар, шетелдік жетекші құқықтанушы ғалымдармен өзара іс-қимыл жүзеге асырылады. Институт шетелдік заңнама институттарымен, халықаралық ҮЕҰ және жоғары оқу орындарымен 20-дан астам келісімге қол қойды.
Институт сондай-ақ ғылыми зерттеулер барысында алынған нәтижелерді Қазақстан Республикасының заңнамасына тәжірибелік «енгізуді» жүзеге асырады. Институттың іргелі ғылыми зерттеулері құқықтың даму заңдылықтары туралы түбегейлі жаңа білім алуға бағытталған. Жүргізілген зерттеулер қорытындысы бойынша Институт заңнаманы жетілдіру тұжырымдамасын әзірлеуде.