Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкердің жалақысынан ұсталымдар қандай тәртіпте іске асырылады?

Бiрiншi кезекте алименттердi өндiрiп алу бойынша талаптар; жарақат алудан немесе денсаулығын өзге де зақымдаудан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуына байланысты келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi талаптар; қызметкерлердiң еңбектегi құқық қатынастарынан туындайтын талаптары қанағаттандырылады. («Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261 Заңының 111-бабы). Бiр немесе бiрнеше атқарушылық құжат бойынша борышкердiң жалақысына немесе өзге де кіріс түрлерiне өндiрiп алу қолданылған кезде борышкер жалақысының немесе өзге де кірісінің кемiнде елу пайызы сақталуға тиiс. Бұл ретте, алименттерді өндіріп алу және мертіккеннен немесе денсаулығы өзгеше зақымданғаннан, сондай-ақ асыраушының қайтыс болуынан келтiрiлген зиянды өтеу жағдайларын қоспағанда, борышкерде сақталатын сома республикалық бюджет туралы заңда жыл сайын тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінен кем болмауға тиіс («Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261 Заңының 95-бабы).