Ақпараттық хабарлама

You are here

 
2020 жылғы 8 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты (бұдан әрі – Институт) Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен (бұдан әрі – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ) бірлесіп, халықаралық адам құқықтарын қорғау күніне және Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің 25 жылдығына арналған «Цифрлық қоғамдағы адам құқықтарын сақтау: халықаралық және ұлттық контенттер» тақырыбына онлайн режимінде дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстел шеңберінде Институттың халықаралық құқық және салыстырмалы құқықтану бөлімінің (бұдан әрі – ХҚжСҚБ) «Жаһандық цифрландыру жағдайындағы адам құқықтары: Қазақстанның тәжірибесі және ЭЫДҰ/ЕО қатысушы елдерінің озық тәжірибесі» тақырыбындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерінің (бұдан әрі – ІҚҒЗ) таныстырылымы өтті.
Іс-шараның мақсаты – ХҚжСҚБ ІҚҒЗ қорытындалырын жасау, оның ішінде Қазақстанның тәжірибесін және ЭЫДҰ/ЕО қатысушы елдерінің озық тәжірибесін зерделеу негізінде цифрландыру жағдайында адам құқықтарын қорғау бойынша өзекті проблемалық аспектілерді және әзірленген ұсынымдарды жан-жақты талқылау.
Дөңгелек үстелге Институт директорының Кеңесшісі, з.ғ.к., доцент – Ж.О. Құлжабаева, Институттың Ғылыми хатшысы, з.ғ.к. – Е.А. Дүйсенов, ХҚжСҚБ қызметкерлері, сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ заң факультеті халықаралық құқық кафедрасының және Саратов мемлекеттік заң академиясының халықаралық құқық кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.
ХҚжСҚБ басшысының м.а., PhD Л.К. Каирбаева жоғарыда аталған ғылыми зерттеудің қорытындысымен таныстырды. Жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша авторлар ұжымы Қазақстанның тәжірибесін және ЭЫДҰ/ЕО қатысушы елдерінің озық тәжірибесін ескере отырып, жаһандық цифрландыру жағдайында адам құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудің неғұрлым өзекті теориялық және практикалық мәселелерін зерделеді, сондай-ақ тиісті ұсынымдар әзірленді. Осылайша, зерттеу шеңберінде электрондық үкімет арқылы адам құқықтарын іске асыруға, шет елдерде де, Қазақстанда да цифрлық сот төрелігі тұжырымдамасына байланысты және т. б. аспектілер зерделенді және талданды.
 
 
 
ХҚжСҚБ бас ғылыми қызметкері з.ғ.д., профессор Е.М. Абайдельдинов өз баяндамасында пандемия жағдайында киберкеңістікте адам құқықтарын қорғауды құқықтық реттеудің ерекше маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ХҚжСҚБ бас ғылыми қызметкері, з.ғ.д., профессор М.А. Сәрсембаев Қазақстан халқының экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін электрондық үкіметті дамыту қажеттігін атап өтті. ІҚҒЗ-дің «Цифрландыру жағдайында сөз бостандығы құқығы және оны шектеудің аспектілері» бөлімін ХҚжСҚБ-нің аға ғылыми қызметкері – Д.Б. Абдильдина ұсынды, оның баяндамасында интернет-ресурстарға қол жеткізуді бұғаттау саласындағы ұлттық заңнама нормаларының Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне сәйкестігі атап өтілді және осы саладағы құқықтық реттеуді жетілдіру бойынша ұсынымдар айтылды.
 
  
 
Талқылау барысында отырысқа қатысушылар зерттеу қорытындылары бойынша әзірленген ұсынымдар, цифрландыру жағдайында адам құқықтарын қорғауды жетілдіру контексінде оларды одан әрі іске асыру мүмкіндіктері туралы өз пікірлерін білдірді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар дайындалған зерттеудің маңыздылығы туралы бірауыздан қорытындыға келді және цифрландыру жағдайында адам құқықтарын қорғаудың ең өзекті құқықтық мәселелері бойынша Институтпен одан әрі өзара және жемісті ынтымақтастыққа үміт білдірді.