Жолдауға үн қату

You are here

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының VІІ бөлімінде: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Атазаң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі... Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс...» - деп атап көрсетті.
Осы Жолдауда айтылған қағидаларды қаперге алып, іс жүзіне асыру тиісті органдар мен ұйымдардың алдында тұрған келелі міндет болуға тиіс деп есептейміз.
«Тіл – қоғамдық құбылыс. Ол қоғаммен бірге дамиды», - дейді Ұлттық ғылым академиясының академигі Өмірзақ Айтбайұлы. Ол рас. Тіл де тірі организм сияқты дамиды, аясы кеңейіп, тамырын жаяды. Бүгінгі таңда қазақ тілі дамудың әртүрлі сатысынан бірте-бірте өтіп келеді.
Қазір жаһандану заманы белең алып өмірдің барлық саласына әсер ете бастағаны байқалады. Одан қашып құтыла алмайтынымыз анық. Бұл орайда, мемлекеттік тілді дамытуға қатысты атқарылып жатқан кейбір шараларға баса назар аударып, жандандыра түсу керек болады. Сондай көкейтесті межелердің бірі - заңнамалық актілерді біртіндеп мемлекеттік тілде әзірлеп, Парламенттің бекітуіне ұсыну.
Заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлейтін уақытты жақындату үшін әлі де көп жұмыс атқаруға тура келеді. Тиісті заң шығарушы органдар бұған жан-жақты дайындық жасап жатыр. Мәселен, өткен жылы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығының 2021 жылы жүргізетін «Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы және Ерекше бөлімдер) мәтіндік тең түпнұсқалығын қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу жұмысының жоспары жасалып, жүзеге асырылуда. Оның басты мақсаты – биыл осы Кодекстің және алдығы жылдары басқа да кодекстер мен заңдардың мемлекеттік тілдегі мәтіндерін талдау, жүйелеу, біріздендіру арқылы олардың қазақ тіліндегі лексикасын, стильдік ерекшеліктерін жетілдіру және зерттеу объектісінің тілдік нормаларын қолданбалы түрде талдау. Осы көлемді жұмыстың нәтижесінде талдамадан өтіп, бір ізге келтірілген терминдер мен сөз тіркестерін «Заң терминдерінің орысша – қазақша және қазақша – орысша сөздігіне» енгізу үшін оларды Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Терминологиялық комиссияның қарауына ұсыну көзделуде.
Жолдаудың мазмұнына үңілсек, Мемлекет басшысының салиқалы ой-толғамдары ел өмірінің барлық саласын қамтығанын аңғарамыз. Тіл мәселесіне де ерекше көңіл бөлінгенін атап өттік. Енді билік тармақтары, оның ішінде заң шығаруға, тіл мәселесіне тікелей қатысы бар органдар осы іске білек сыбана кірісіп, оңтайлы сәтті уақтылы пайдаланады деген үміттеміз.
 
Бекен ШОЛАН, Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика орталығының жетекші ғылыми қызметкері