Халқы заңын сыйлаған елдің бағы бір мысқал артық

You are here

«Халқы заңын сыйлаған елдің бағы бір мысқал артық»
Төле би
 
Үстіміздегі жыл ұлттық тәуелсіздік пен егемендіктің басты нышаны әрі жетістігі ретіндегі мемлекет Конституциясының он сегіз жылдық  айрықша кезеңі. Көрсетілген айтарлықтай мерзім Негізігі Заңның сын көтерерлік кезеңнен өткендігінің бірден-бір дәлелі болып көрінісін табуда. Халық пен елдің бүгінгі жетістіктері, жеңісі және жемісі Конституция әлеуетінің іске асырылуының,  оның жүйелі негіздегі ілгері даму қағидаттарының Отандық дамудағы үлесінің зор екендігінің белгісі. Қоғам санасының жаңғыруы (экономикалық, саяси, әлеуметтік) - Басты заңның қабылдануынан бастап, күнделікті тұрмыста қолданылып отырғандығында.
Демек, Конституцияның ұлықтылығы, конституциялық құрылымның баяндылығы мен беріктігі Қазақстан жетістіктерінің қозғаушы күші болып табылатын құқық өзегіне қосқан Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың рөлі де ерекше олжалы.
Мемлекет басшысының байсалды және дана-данышпан саясатының арқасында Басты Заң оңай емес болған он сегіз жыл бойы экономиканың өсіңкілік дамуының, қоғамдық келісімнің, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып келеді. Аталмыш уақытта халықтың бастан кешкен жолын саралай келгенде тарихи тұрғыдан аз кезеңде конституциялық құндылықтардың жүзеге асырылуы бойынша ұланғайыр жұмыс атқарылғандығына көз жеткізуге әбден мүмкіншілік бар. Бұндай көріністер өмірдің негізгі қағидалары мен ережелерінің негізін салды, жеке тұлғаның саяси және әлеуметтік құқықтардың толықтай жеке адам мен азаматқа бағытталғандығындағы құндылығы. Оның негізі Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында қаланды. Біздің ел өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары. Бір жол көлеміндегі сөйлем мемлекет пен адамның, азаматтардың арасындағы қатынас пен құрмет аясындағы едәуір өзгерістерге әкелді, ел дамуының айқын бағыты болды. Бұл Конституция нормаларының қазақстандық қоғамның барлық салаларында, ұлттық даму стратегиясының қадамды іске асырылуымен ұштасты, соған себеп болды.
Ұлттық егемендіктің бесінші жылында Конституцияның қабылдануы ғана емес, Мемлекет басшысының «Қазақстан - 2030» Стратегиялық бағдарламасын әзірлеумен байланысты тарихи шешім қабылдаумен белгілі. Бұл жеті ұзақ мерзімді артықшылық ұлттық мақсатқа жету жолындағы Қазақстанның барлық азаматтырының күш-жігерінің бір жеңнен қол шығаратындай ниеттегі бастапқы қадам болды.
Сонымен қатар, 1998 жылғы және 2007 жылғы ірі конституциялық реформалар мемлекеттің халық қажеттіліктерінен бастауын алған саяси еркі болды, азаматтық қоғам мен мемлекеттің арасындағы қатынасты күшейтті. Ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiн еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiн сезiне отырып, өзiнің егемендiк құқығын негiзге ала отырып Конституцияны қабылдады. Соның белгісі Конституцияның негізіндегі қаланған Қасиетті Қазақ жерін татулықтың талбесігі етіп, бейбітшілікке бөлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы болды.
Ел тәуелсіздігінің ең жауапты кезеңінде бірлігіміздің бастауы, аралықта ол өзінің өміршеңдігін көрсетіп, елдің бейбіт қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Елдіктің өлшемі, тұрақтылықтың тұтқасы болды. Бір халық - бір ел - бір тағдыр. Бұл астарындың үлкен мән бар.
Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді. Бүгінде олар тегі басқа болғанмен теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Туған елдің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды бір тағдыр күтеді. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі мол болмақ. Ел иесі - қазақ халқы да ешкімге шетқақпайлық көрсеткен жоқ.
Ұлтына, тілі мен діліне қарамай барша этнос өкілдерінің теңдігі Ата заңда айқындалды.
Сол жылдардағы конституциялық реформалар әлеуметтік бағытта қызмет атқаратын үкіметтік емес ұйымдардың кеңінен бой көтеруіне, Парламент пен Үкімет, яғни заң шығару және атқару биліктерінің арасындағы партиялық байланысқа негізделді. Алқа сот билерінің негізі қаланды. Азаматтық қоғамның мемлекет ісіне белсенді қатысуының нышаны болды.
Қазіргі таңдағы конституциялық-құқықтық ілгері дамуының көрсеткіші – бұл Мемлекет басшысының «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында берілген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар. Дүниежүзілік дағдарыстың себебі болған адамды әлеуметтік асыраудан арылтудың бастапқы адымы жалпыға бірдей, ортақ еңбек қоғамын қалыптастыру саясаты Елбасының бастамашылығымен қаланды.
Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет іргесін қалау– күрделі, ұзақ, қиын үрдіс. Аталмыш жағдай жас елдің аяғынан қаз тұру жолынан да жақсы байқалады. Меншік нысандары мен арақатынастар түрлерін реформалау мен нарықтық экономикаға көшу экономиканы тығырықтан алып шығудың, ұлттық мемлекеттің қалыптасуына қолайлы жағдай туғызудың толассыз жолы.
Заң алдындағы азамат пен мемлекеттің бірдей жауапты болуы, кімде-кімнің ұлт өкіліне жататындығына қарамастан, тең екендігі әуелден-ақ Конституцияда нақты көрсетілген. Әрине, қазақтардың мүддесі ерекше ескерілетін жағдайлар да болуы тиіс: ұлттық мәдениетті, ұлттық тілді өркендету, Қазақ елінің рухани, мәдени және өзге де қатынастарын қалпына келтіру, олардың өз атырапына қайтып оралуына қолайлы жағдайлар туғызу жатады.
Басқа елдер деңгейімен салыстырмалы түрде алғандағы экономикалық байлыққа қол жеткізудің алғышарты – бүкіл қоғамдық өмірді демократияландырған тұрақты құқықтық мемлекет құру болып саналады.
Негізгі Заңда саяси бостандықтарға кең кепілдік берілген. Жаңа Конституцияның тағы бір басты артықшылығы – меншіктердің әралуандығын мойындап, оны заң жүзінде бекітті және тең дәрежедегі мемлекеттің қорғауына алды.
Неігзі Заң меншіктің қызмет аясы мен мақсатын да айқындап берді. Меншік атаулы қоғам игілігіне ғана жұмсалуға тиіс, ол адамзат мүддесіне қарсы қызмет етпеуге тиіс. Сонда ғана меншік иесін қорғауға кепілдік жасалады.
Азат елдің ар-намысындай болған Ата заңның қазақтың ұлан-байтақ даласының кеңдігін де, елінің ерлігі мен өрлігін де бойына сыйғызған құдірет.
Тәуелсіз елдің мызғымас тұғырына айналған Ата заң елдіктің киелі кітабы іспетті қастерлі құжат.  Конституция қазақ мемлекетінің дамылсыз дамуына, үздіксіз өсуіне кепіл болған барша заңдарының қайнар көзі, бастау бұлағы. 
 Құрметті оқырмандар, Сізді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы РМК-нің атынан Конституция күнімен құттықтаймыз!
Тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекеттігіміздің жүрегі болған Ата заңымыз мәңгілік болсын! Еліміз шырқау шыңдарға, асқар асуларға алқынбай жете берсін!
  
ҚР ӘМ «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы»
Ақтөбе филиалының жетекші маманы                                 
С.Х. Сидакова