Әскери есепке қою қай жастан басталады және қашан шығарылады?

Азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу – бұл әскерге шақыру жасына дейінгілерді әскери есепке қою үшін жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп, тиісті жергілікті атқарушы органдар жүргізетін әскери есепке алу іс-шаралары.
Тіркелу жылы он жеті жасқа толатын Қазақстан Республикасының ер азаматтары әскерге шақыру учаскелеріне тіркелуге жатады (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының  16-бабының 1-2-тармағы).
Әскери міндеттілердің запаста тұруының шектi жасы мынадай болады: қатардағы және сержанттық құрамдар – елу жасты қоса алғанда; офицерлер құрамы үшін – алпыс жасты қоса алғанда.
 
Әскери мiндетті әйелдердің запаста тұруының шектi жасы мынадай болады: қатардағы және сержанттық құрамдар үшiн – отыз бес жасты қоса алғанда; офицерлер құрамының адамдары үшiн – қырық бес жасты қоса алғанда.
Запаста тұрудың шектi жасына толған әскери мiндеттілер немесе денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдар әскери есептен шығарыла отырып, отставкаға ауыстырылады.
Соғыс уақытында Қазақстан Республикасының Президентi запаста тұрудың шекті жасын бес жылға дейін ұзартуы мүмкін (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының  42-бабы).