Coffee Talk — жайлы ортадағы үлкен идеялар

You are here

  

  

  

  

  

 

Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтында Coffee Talk форматындағы жылы әрі шабыттандыратын кездесулер жалғасуда — бұл пікір алмасуға, кәсіби қарым-қатынас пен тілдік дағдыларды дамытуға арналған еркін кеңістік. Сессиялар тұрақты түрде өткізіліп, ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде талқылауларды қамтиды.
 
Кезекті кездесудің қонағы — Висконсин-Мэдисон университетінің (АҚШ) социология профессоры Теодор Гербер болды. Ол Еуразия елдерінде — Ресей, Қырғызстан, Грузия және басқа да мемлекеттерде жүргізілген ауқымды зерттеулер нәтижелерімен бөлісті. Зерттеулердің басты тақырыптары: институттарға деген сенім, әділеттілікке көзқарас, адам құқықтары мен қоғамдық пікірдегі жыныстық айырмашылықтар. Халықаралық салыстырмалы деректер посткеңестік қоғамдардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын түсінуге мүмкіндік берді.
 
Талқылауға Институт қызметкерлері белсенді қатысты. Сонымен қатар, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің сарапшысы, Аналитикалық басқарма бастығы Жакиянова Күлжиян Малғаждарқызы арнайы шақырылған қонақ ретінде кәсіби пікірталасқа өз үлесін қосып, Қазақстан тәжірибесімен бөлісті.
 
Сессияны Институт психологы Дана Абзалбекова жүргізіп, ашық әрі мазмұнды әңгіме үшін қолайлы атмосфера жасады.
 
«Coffee Talk — бұл идеялар туындайтын, дүниетаным кеңейетін және кәсіби байланыстар нығайтылатын орта», — деп атап өтті Институт директоры Аубакирова Индира Ураловна.
 
Кездесу қатысушылар арасында үлкен қызығушылық туғызды. Біз халықаралық және отандық сарапшыларды шақыра отырып, ашық диалог мәдениетін дамыту ісін жалғастыруға қуаныштымыз.
 
Келесі Coffee Talk — көп күттірмейді!