Ағымдағы жылдың 3 маусымында Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат Институтында (бұдан әрі - Институт) Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының тиімділігін талдау нәтижелерін талқылау бойынша кезекті Сараптамалық кездесу өтті.
Кездесу жұмысына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің, Республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктерінің, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының, Ұлттық зияткерлік меншік институтының және басқа да мүдделі мекемелердің өкілдері қатысты.
Сараптамалық кездесудің модераторы - Институт директорының орынбасары, з.ғ.к. А.Г. Казбаева сөз сөйледі. Институттан келесі спикерлер ұсынылды: жетекші ғылыми қызметкер, з.ғ.к. С.С. Шишимбаева, бас ғылыми қызметкер, з.ғ.д., профессор С.М. Рахметов; құқық қолдану тәжірибесінен - Алматы қаласы әкімдігінің қалалық жоспарлау және урбанистика Басқармасы жарнама қызметінің басшысы Д.М. Әбенов; қоғамдық сектордан – «Бірлік» жарнама Ассоциациясы» ЗТБ президенті Н.Х. Ахмеджанов.
Аталған іс - шараның мақсаты оның қатысушыларынан - жетекші ғалымдар мен практиктерден сындарлы ескертулер мен ұсыныстар алу, сондай-ақ қоғамдық және ғылыми ұйымдарды тарту арқылы заңнамалық актілердің тиімділігіне жүргізілген талдаудың сапасын арттыру болып табылады. Іс-шара азаматтар мен ұйымдардан келіп түсетін заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстарды дайындау және қорыту арқылы заңнаманың қазіргі өзекті мәселелерін талқылауға бағытталған.
Өткізілген Сараптамалық кездесудің қорытындысы бойынша жарнама туралы заңнаманы қолданудың мынадай проблемалары анықталды:
-
«Жарнама туралы» Заңның ұғымдық аппаратының жетілмегендігі;
-
Жарнама туралы заңнама нормаларында қайшылықтардың болуы;
-
сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін алынатын ақы рәсімін нақты регламенттеудің болмауы;
-
төлеушілердің сәйкестендіру деректеріне қол жеткізу бойынша жергілікті атқарушы органдардың шектеулі құзыреті және заңсыз сыртқы жарнаманы демонтаждау бойынша құзыреттің болмауы;
-
ҚР СТ 1633-2020 көзделген талаптарды орындауға және сақтауға кедергі келтіретін тексеру парағындағы құқықтық олқылықтардың болуы;
-
әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараудың тиімсіздігі (бірінші бөлігінде, тармақшаларда) 1), 2), 4), 6), 7), 8) 9) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандардың (республикалық, облыстық маңызы бар қаланың және астананың) әкімдері).
Жүргізілген талқылау жүргізілген талдаудың өзектілігін, жаңалығын және қолданбалы қажеттілігін растауға, сондай-ақ қаралып отырған заңнамалық актілердің құқықтық реттеу мен құқық қолдану практикасының талдау қозғамаған өзге де проблемалық аспектілерін айқындауға мүмкіндік берді.
Заңнаманы, заңнамалық актілерді Сараптамалық талқылау және олардың тиімділігін талдау нәтижелері құқықтық мониторинг жүргізу кезінде мемлекеттік органдарға жәрдем көрсету мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсыныстар мен ұсынымдар түрінде жіберілетін болады.
Институт сараптамалық талқылауға қатысушыларға белсенді, жемісті қатысқаны үшін алғысын білдіреді және барлық мүдделі мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдардың назарына ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша ынтымақтастыққа дайындығын жеткізеді. Ұсыныстар мен ұсынымдарды мына электронды мекенжайға жіберуіңізге болады: npa@zqai.kz.