Профессор М. А. Сәрсембаевпен кездесу

You are here

2022 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты ұжымының көрнекті ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор, Институттың бас ғылыми қызметкері Марат Алданғорұлы Сәрсембаевпен 75 жылдық мерейтойға арналған кездесуі өтті. Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Сүлеймен Ләззат Жаңылысқызы қатысты.
М.А. Сәрсембаев Қазақстандағы халықаралық құқық бойынша заң ғылымдарының бірінші докторы және бірінші профессор болып табылады. Ол халықаралық құқықтың өзекті мәселелеріне арналған 700-ден астам ғылыми еңбектердің авторы. Әр жылдары профессор Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Заң факультетінің деканы, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, ЕҚЫҰ төрағасының жеке өкілі қызметін атқарды, сондай-ақ Қазақстанның өкілі ретінде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің құрамына сайланды.
2010 жылдан бастап Институтта қызметі кезеңінде М.А. Сәрсембаев 100-ден астам заң жобаларын, кодекстердің жобаларын әзірлеуге, сондай-ақ ішкі және сыртқы саясат мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кеден, салық, еңбек кодекстері мен қолданыстағы заңдарын талқылауға қатысты.
Институттың дамуына және заң жобалау қызметін ғылыми қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін Ғылыми кеңестің шешімімен М.А. Сәрсембаевқа «Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Құрметті профессоры» атағы берілді.
Салтанатты рәсімде Институт директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты Р.Қ. Сәрпеков профессор М.А. Сәрсембаевқа Институт ұжымынан құттықтау адресін және Құрметті профессор аттестатын табыс етті.