«Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының заң ғылымы және мұрасы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция

You are here

2023 жылғы 6-7 маусымда Мәскеу қаласында Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының (бұдан әрі – ЗжСҚИ) 100 жылдық мерейтойына арналған Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы және  «Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының заң ғылымы және мұрасы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Аталған іс-шараларға Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институтының (бұдан әрі – ЗҚАИ) директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, з.ғ.к. Р.Қ. Сәрпеков пен Конституциялық, әкімшілік заңнама және мемлекеттік басқару бөлімі бастығының міндетін атқарушы Қ.Т. Мырзашев қатысты.
 
 
 
Бағдарлама аясында көрме  – экспозиция, ЗжСҚИ ғылыми мұрасы мен жаңа басылымдарының тұсаукесері өткізілді, сондай-ақ ЗжСҚИ туралы фильм көрсетілді.
Ғылыми кеңестің отырысын Қамқоршылық кеңестің төрағасы, Ресей Федерациясының Сыртқы барлау қызметінің директоры С.Е. Нарышкин ашты. Форум қатысушыларына құттықтау және ЗжСҚИ-дың тарихы мен перспективалары туралы ЗжСҚИ директоры, РҒА президентінің орынбасары, РҒА қоғамдық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы, РҒА академигі, Халықаралық салыстырмалы құқық академиясының толық мүшесі, з.ғ.д., профессор, РФ ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, РФ еңбек сіңірген заңгері, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері Талия Ярулловна Хабриева сөз сөйледі.
 
 
 
РФ Президенті В.В. Путиннің және РФ Үкіметінің Төрағасы М.В. Мишустиннің құттықтау адрестері жария етілді. РҒА президенті, академик Г.Я. Красников сөз сөйледі. Бұдан әрі РФ Мемлекеттік Думасы мен Федерациялық Кеңесінің, Конституциялық Сотының, Жоғарғы Сотының, Бас Прокуратурасының, Әділет министрлігінің және өзге де орталық мемлекеттік органдарының басшылары, Ресей Федерациясының көрнекті ғалымдары мен шақырылған беделді шетелдік қонақтар, жоғары оқу орындарының ректорлары, қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ БАҚ өкілдері құттықтау сөздерін сөйледі.
 
 
 
Р.Қ. Сәрпеков Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысындағы сөзінде
Т.Я. Хабриева мен ЗжСҚИ  ұжымын 100 жылдық мерейтойымен құттықтады, сондай-ақ олардың еңбегі мен ғылыми жетістіктерін атап өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, з.ғ.д., профессор И.И. Роговтың,  Қазақстан Республикасының Әділет министрі
А.Н. Есқараевтың және ЗҚАИ атынан құттықтау адрестері мен естелік сыйлықтарды табыс етті.
 
 
 
Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда құқық ғылымын, нормашығармашылықты және салыстырмалы құқықтануды дамыту мәселелері талқыланды. Баяндамашылар ЗжСҚИ директоры мен қызметкерлерінің ерекше еңбегін атап өтті.
Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы мен конференцияның нәтижелері бойынша арнайы жинақ шығарылады деп күтілуде.