Skip to main content

Құқықтық мәдениет құқық бұзушылық профилактикасының негізі ретінде: ЗҚАИ қызметкерлері «Астана» медицина университеті студенттерінің алдында сөз сөйледі 

Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Заңнаманың тиімділігін талдау бөлімінің қызметкерлері Дархан Төкеев пен Жанар Жадауова «Астана» медицина университетінің студенттері үшін оқу сабағын өткізді. 

Кездесу тақырыбы жастардың құқықтық санасын қалыптастырудың, заңға құрмет пен қоғамдағы өз мінез-құлқы үшін жауапкершіліктің өзекті мәселелеріне арналды. 

Дәріс барысында Институт өкілдері құқықтық мәдениет ұғымының мазмұнын, оның қоғамдық тұрақтылық пен мемлекеттің қауіпсіз даму деңгейімен байланысын ашып, құқық бұзушылықтардың, оның ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу негізі ретінде «Заң және тәртіп» идеологиясының маңыздылығын атап өтті. Әсіресе, жастарда тұрақты құқықтық құндылықтарды қалыптастыруда білім беру, отбасы және кәсіби қоғамдастықтың рөліне ерекше назар аударылды. 

Спикерлер болашақ медицина қызметкерлері кәсіби құзыреттіліктерден бөлек, құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейіне ие болуы керек екенін атап өтті, себебі олар өз қызметінде адам құқықтарын, кәсіби этика нормаларын, жауапкершілік пен заңнама талаптарын сақтаумен тікелей байланысты. 

Сабақ ашық диалог форматында өтті. Студенттер талқылауға белсенді қатысып, жастар ортасында құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдары және қоғамдық тәртіпті нығайтудағы жеке жауапкершіліктің рөлі туралы сұрақтар қойып, өз пікірлерін білдірді. 

Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты осы бағытты құқық бұзушылықтардың алдын алудың және қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаттарын нығайтудың маңызды элементі ретінде қарастыра отырып, жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға және құқықтық санасын дамытуға бағытталған ағартушылық және талдамалық жұмысты жүйелі түрде жүргізеді.